Әдебиет порталы ұйымдастырған "Алтын қалам" әдеби байқауында драма номинациясы бойынша үздік атанған Ақылбек Шаяхметтің пьесасы. Жеңімпазды құттықытаймыз!

*** *** ***
(сегіз көріністі пьеса)
Қатысушылар:
Ыбырай Алтынсарин – қазақтың ұлы ағартушысы
Айғаныс – Ыбырайдың келіншегі
Нұржан – тақтақ ақын
Қаумен – Ыбырайдың құдасы, болыс
Николай Иванович Ильминский – орыс педагогы, миссионер
Орыс шенеунігі
Сандыбай – бай
Төлебай – бай
Күтуші жігіт
Қонақ
Жасамыс кісі
Егде тұрғын
Жігіттер, келіншектер,шәкірттер
Бірінші көрініс
Ыбырайдың қолында құман. Асықпай бетін жуып, қолын шаяды. Есіктен Айғаныс шығады.
Айғаныс:
Отағасы! Дәрет алып жатырсыз ба? Әлі намаздың уақыты болған жоқ қой.
Ыбырай:
Ия, Айғаныс. Дәрет десе де болады. Сабақ алдында мұғалімнің жүрегі де, қол-аяғы да таза болуы керек. Мешітке енген молда қалай дәрет алса, мұғалім де сабақ берер алдында сондай ұстанымда болуы керек.
Айғаныс:
Төрем! Жақында сіздің жазған қағаздарыңыздың арасынан мынандай жазбаларды оқыдым.
Алған жарың жаман болса,
Бір Тәңірге көп налырсың.
Жарым сондай болса екен деп,
Көрінгенге көз саларсың.
Маңдайыңа нені жазса, соны аларсың,
Бәріңізге қасы қара, қызыл жүзді табылмас.
Ыбырай:
Ол рас, Айғаныс! Аллаға шүкір, сені маған кез қылды. Ақылыңа көркі сай қыз-келіншек сирек кездеседі. Мен сабаққа барайын. Сен ас-суыңды қамдай бер. Түс ауа Нұржан ақын келеді.
Айғаныс:
Жақсы, отағасы!
Қоңырау соғылады. Ыбырай сыныпқа кіреді.
Ыбырай:
Балалар, бүгін сәрсенбі. Сәтті күн.Сабақты бастайық! Бүгін біздің алғашқы сабағымыз.
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры
Бастасаңыз Аллалап,
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Ыбырай балалардың біреуін тақтаға шақырады. Тақтаға өз қолымен А әрпін жазады.
Бұл әліппенің алғашқы әрпі А. Адам осы әріптен басталады. Алла деген сөз де осы әріптен басталады. Айтыңдаршы, қазақ тілінде осы әріптен басталатын басқа қандай сөздер бар?
Шәкірттер:
Арба. Ай. Арман. Ақын.
Ыбырай:
Дұрыс. Ата, ана, ар, арман, ай, алтын, барлығы да осы әріптен басталады.
Енді осы сөздерді дәптерлеріне жазыңдар. Тағы да тақтаға қараңдар!
Алла деген сөзді кирилл әрпімен және араб таңбасымен жазады.
Қараңдар!Араб тілінде солдан оңға қарай оқысаң да, оңнан солға қарай оқысаң да бір сөз шығады. Алла. Әуелі А, сосын л, сосын тағы да л, сосын А, ұқтыңдар ма? Небары төрт-ақ әріп.
Шәкірттер:
Түсінікті!
Ыбырай:
Халық деген сөз де Алланың бір есімі. Сендер енді халық мектебінде білім алатын боласыңдар! Бұл Алланың қалауы.
Ыбырай сыныптан шығады, оған қарсы Айғаныс жолығады.
Айғаныс:
Мен сіздің қалай сабақ бергеніңізді көрдім. Мен де білім алғым келеді. Бірақ, молдалар оған қарсы.
Ыбырай:
Мен ешқашан да сабақты бұзуға молдаларға жол бермеймін, ал миссионерлерге қазақ балаларын шоқындыруға жол бермеймін. Сенің арманың орындалады. Жалғыз сен ғана емес, келешекте қазақ қыздарын түгел оқытатын боламыз.
Айғаныс:
Рас па? Олар орыс тілінде де оқып, жаза алатын бола ма? Әлде арабша ғана оқи ма?
Ыбырай:
Қыз-келіншектер арабша жазуды оқи алса, ол жақсы, және бұл үшін молдаларға алғыс айту керек.Бірақ, онымен шектелуге болмайды. Арыздар мен өтініштерді орыс тілінде жазуды үйренбесе болмайды. Қазақ қыздары да оқу ғана емес, түрлі кәсіпті меңгеруі керек, кесте тігіп, ас дайындап қана қоймай, басқа істерді үйренуі керек.
Айғаныс:
Рахмет Сізге! Өзімнің сіңілілеріме де оқыңдар деп ақыл айтамын.
Ыбырай:
(жұбайын құшақтайды)
Дұрыс, қымбаттым!
Екінші көрініс
Ыбырайдың үйі. Бір бұрышта кітаптар қатар-қатар жиналған шкаф.Ыбырайдың үстінде бешпент, иығына шапан жамылған, басында жиегінде құндыз ұсталған қазақы бөрік. Қонақ бөлмеде Ыбырай мен Нұржан. Кілем үстінде дөңгелек үстел - жозы. Дастарханда үйме табақ ет. Тостағанда қымыз. Айғаныс қымыз сапырып отыр.
Ыбырай:
Асты аз алдың ғой, Нұржан! Онда қымыздан іш!
Нұржан:
Қанағат, Ыбеке! Мұнда ас ішу үшін емес, сіздің сөзіңізді естиін деп келдім.
Ыбырай:
Өзің де сөз ұстаған ақын емеспісің, Нұржан. Ел сенің сөзіңді естуге ынтық.
Нұржан:
Ыбеке! Сіздің атаңыздың жас кезіңізде өлеңмен жазған хаты осы күнгі ауыл баласы жатқа айтып жүр. Олардың арманы сіз секілді оқу оқу.
Сахнаға Балқожа бидің елесі шығады.
Балқожа би:
Үміт еткен көзімнің нұры - балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың,
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Осы хат барлық ауыл баласына айтылған секілді ғой. Қазір басқа заман болып тұр. Алайда, заманның ауа райы құбылып тұрған секілді.
Ыбырай:
Ия, менің атам Балқожа Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын бөлімшесін басқарған.Оған әуелі хорунжий, кейін жүзбасы және старшина әскери лауазымдары берілді. Үкіметтен алтын медаль алды.
Нұржан:
Патша өкіметі оған есімі жазылған екі тапанша мен қосауыз мылтықты сыйға тартқан екен деген әңгіме бар. Сол рас па?
Ыбырай:
Рас! Ол жағын да өзің жақсы білесің. Ол үкіметке адал қызмет етті. Кенесары бастаған көтеріліске қарсы шықты. Әкем 1844 жылы көтерілісшілер қолынан қаза тапты. Атамыз болса менен үміт етіп, Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға берді. Мектеп бітіргеннен кейін атамның қасына келіп, хатшы болып қызмет атқардым. Бірақ, атам баласы қаза тапса да Кенесарының өзіне кешіріммен қарады. Оны бұлай жасауға мәжбүрлеген сол кездегі патша саясаты деп ауызекі әңгімелерінде айтып қалғанын өз құлағыммен естідім.
Нұржан:
Балқожа би Кене ханға: «Ақ патшаға берген антым бар. Антты аттай алмаймын. Кенесарының әскеріне беретін жігіттерім жоқ» – деген соң барып хан қатты шамданған деген де сөз бар ғой.
Ыбырай:
Ол да шын сөз. Атамыз орыс патшасына берген уәдесін бұзған жоқ. Алайда, атамыз құлай сенген патша 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғы» шығарды және қазақ даласындағы басқару жүйесін – хандық құрылым мен дәстүрлі билік үлгісін біржолата жойды. Кенесарының әкесі Қасым сұлтан 1824 жылғы Батыс Сібір генерал – губернаторы Капцевичке «... Сіз менің мына сұрақтарыма жауап берсеңіз екен: Сіздер неге біздің халыққа қысым жасап отырсыздар? Біздің жерімізде неге әскери бекіністер салынып жатыр? Өзен-суымызға неге ау құрылған? Орыстар иемденіп алған көлдерден неге қазақтарға тұз алуға болмайды? Осының бәрі кімнің бұйрығымен жасалып отыр?» – деген сауалдарын жолдап, жауап беруді талап еткен.
Нұржан:
Сонда осы жымысқы әрекеттерге қалай тосқауыл қоямыз?
Ыбырай:
Орыспен ашық шайқасуға қазақтың дәрмені жоқ. Орыстың қаруы да мықты, айласы да көп.
Баяғыда Досбол датқа Арқада Қоқан хандығына ауып барып: «Біз болсақ мұсылман еліне қосылдық, ал Арқадағы ел орыс болып кететін болды», – деп Арқаға көшіп баратын жаппастың бір адамынан келісім алып, Арқадағы қыпшақ ағайындардың басты кісілеріне тапсыр деп хат береді.
Нұржан:
Білемін, Ыбеке! Ол хаттың мазмұны мынандай:
«Дұғай сәлем айтамын,
Қанқожа мен Балқожа,
Сөзіме құлақ сал, қожа.
Шүйіншәлі, Қарпық бай,
Қазыбайұлы Наурызбай,
Жадыңда болсын бір Құдай,
Ой қыпшақ пен қыр қыпшақ,
Бәрін жисаң, бір қыпшақ,
Сол қыпшақтың ішінде
Дуа тиген бір қыпшақ.
Мінген аты топышақ,
Жал-құйрығын жайқалтып,
Шапқылап жүрген сол бір шақ.
Қоныс болар демеңіз,
Арқаның сары даласы,
Өтен болар демеңіз,
Орыстың салған қаласы,
Осында жатып қорқамын,
Орыс болып кетер деп,
Сол жақта қазақ баласы».
Ыбырай:
Сол тұстағы дағдарысқа түскен ел қасіреті, қайда барарын білмей басын тасқа да, тауға да ұрған халық тағдыры осы хаттың мазмұнынан да анық байқалады. Жақындағы орыспен тату болған дұрыс па, алыстағы Қоқанмен сыйласқан жөн бе деген сауалға атамыз Балқожа би ел ағаларымен бірлесіп жауап іздейді.
«Басымызды қосалық,
Ұзын судың бойынан,
Бір жақсылық тосалық,
Онан жақсылық болмаса,
Қатын-бала қамы үшін,
Басқа жаққа босалық.
Дәм бұйырып сіз келсеңіз,
Төсек пен төр сіздікі,
Есікте орын біздікі,
Егер тілді алмасаң,
Айтқан сөзге көнбесең,
Қазулы көр сіздікі».
Нұржан:
Бұл хатты жаппастың адамы Наурызбай биге тапсырыпты. Би хатта аты аталған басқа да адамдардың түгел басын қосып, хатты оқып, кеңесіп, жауап қайтаруға ұйғарады. Олардың қайтарған жауабы мынандай:
«Досбол би хат жазыпты біздің елге,
Біздің ел Сарыарқада, шалқар көлде.
Сырлаған сарттың тамын мақтай бермей,
Досбол би, өзің келші осы шеңге.
Орыс жүр осы күні Сырды айналып,
Салуға Сырға дуан ыңғайланып,
Салғалы Сырға дуан он жыл болды,
Кімің тұр соғысуға оңтайланып?!
Баяғы мынау орыс күйінде тұр,
Бұл күнде Ақмешіттің түбінде тұр.
Жалайыр, үйсін, дулат, найман, қыпшақ
Жылына үш шабылып құрып отыр.
Бұл сөзге өзіңіз де түсінерсіз,
Тегінде жігіт емессіз білімірсіз,
Жылына зекетім деп үш қанайды,
Орыстай осы күні сарт та дінсіз».
Наурызбай би бұл хатты баяғы хат әкелушіге береді. Досбол хатты алғаннан кейін үш датқаны шақыртып: «Мен Арқадағы ағайындарды шақыртып едім, олар мынандай жауап қайтарыпты, не айтасыздар?» – деп ақылдасады.
Досбол бидің серіктері отырып: «Өзімнен басқа сөз білетін адам жоқ деп, аузы-басың сүйреңдеп, бүлдіресін де жүресің. Айтқандары бекер ме? Зекетім дейді, құшырым дейді, пітірім дейді, жылына үш рет алады, олар болса орысқа үй басы 20-30 тиыннан сбор деген салық қана төлейді. Тек жатқан елде нең бар еді, ал енді өзің көш!» – деп кейіпті.
Досбол оларға өкпелеп, өз қарауындағы елді Арқаға көшірем деп Қаратауды бастырып, Сырға келіп құлайды. Сыр бойында жауға кездесе ме, жұтқа жолыға ма, ақыры Арқаға ауып келе алмай, отырған орындарында орнығып қалады.
Ыбырай:
Ал орысқа бодан болған қазақтардың жағдайы да оңып кете қойған жоқ. Ендігі амал орыспен соғысу, босқа қырылу емес, сол орысқа бағынышты болсақ та, қазақтың жастарын орыс оқуына үйрету, түрлі ғылымды, әскери өнерді меңгеру.
Нұржан:
Олар да орыс болып кетпей ме?
Ыбырай:
Тегіне тартса, болмайды. Оның есесіне орыстан қазағын қорғайды. Халықтың көзін ашады. Не айтуды, қалай айтуды білетін болады. Өнер-білім бар жұрттан үйренгеннің зияны болмайды.
Нұржан:
Енді түсіндім, Ыбеке! Ақылыңыз Аплотондай екен. Бірақ, біздің ұйықтап жатқан қазақты ояту оңай шаруа емес.
Ыбырай:
Сіз болып,біз болып насихат айтсақ, неге оянбайды? Жә, біраз пікірлестік, Нұржан. Осы да жетер. Енді термелетіп жібер.
Нұржанға домбыра ұсынады.
Нұржан:
Бiсiмiлла, рахман-рахим!
Болмады төмен назарым,
Жер жүзiне жайылды
Насихат болып ғазалым.
Дүнияның мен көрдiм
Неше қызық базарын.
Құрбымен қатар жүргенде
Кейiн қалып, шiреттеп,
Кемiмедi ажарым.
Қалам алсам қолыма,
Сынаушы елiм Нұржанның
Бiлушi едi жазарын.
Аударылған дүнияның
Кешегi кезде аспанға
Асық ойнап бұл Нұржан,
Бала да болдық бiр шақта.
Еш нәрседен хабарсыз,
Жақсы әдеттен бихабар,
Iстер iстеп ұнамсыз,
Атқа мiндiм он бесте,
Дүнияға алаңсыз,
Ойын да күлкi, ат жарыс,
Әуес қылып әрбiрiн,
Жүре алмадым құмарсыз.
Жылатып, бiрде күлдiрiп,
Дүнияны мүлде бүлдiрiп,
Не қылмадық бiз арсыз?!
Еркiмен жүрдiм көңiлдiң,
Қайда жаман iс болса,
Iшiнде соның көрiндiм.
Қайда болса тамаша,
Iшiне барып ән салып,
Өлеңменен күлдiрдiм.
Шаруа жөнiн ұстамай,
Қызық көрiп осыны,
Өзiмдi өзiм бүлдiрдiм.
Көңiлiм, маған ырзасың,
Айдын көлдiң iшiнен
Лашынды, сұңқарды
Таңдап жүрiп iлдiрдiм.
Болып жүрдi бiр шақта
Екпiнiм менiң дауылдай,
Жастық шiркiн көтердi,
Пәле келсе басыма
Қырғыздың ала қауынындай .
Дүнияда қиын сол екен,
Ерегессем бiреумен,
Жалғыздық түсiп басыма,
Бұзыламын сабындай.
Ойлатпайтын аздықты,
Лепiлдеген жiгiттiк,
Барасың өтiп сағымдай.
Миым қатты ойлаумен,
Ой орнына келе алмай,
Жүремiн ептеп сыйлаумен,
Көңiл жүйрiк, тiл орақ,
Тоқтатып бүрдiм байлаумен.
Пайдасыз сөзiң, мысалы,
Тойдыра ма құрсақты
Дамылсыз сағыз шайнаумен.
Дертке дәрмен табылмас,
Себебiн толық сайламай,
Құр көңiлдi айдаумен.
Өтпесiн күнiм дүниядан
Басына пайда, жұртыңа
Қорғаны жоқ милаумен.
Дүнияда сайран қылатын
Жiгiттiк, қайран, күнiм-ай!
Жазым болып кеткен жоқ
Көздеген оғым дарымай.
Сұлу қылып баққанмен,
Қазанат шаппас арымай.
Мұратқа оңай жетпейдi,
Қынапта жатып кернеген
Болат өтпес жанымай,
Ақсұңқар құс жем тiлеп,
Тұғырда тұрып қаранған,
Байлаудағы қазанат
Түнекте тұрып күн көрмей,
Шылбырына оралған.
Ер белiне жарасар
Асылған қылыш жаланған.
Жолдастың ерi таптырмас
Тар жерлерде сыналған,
Дертi кетпес көңiлден,
Достан дұшпан табылмас,
Бiрге жүрiп сыр алған.
Ыбырай:
Бәрекелді, Нұржан! Міне, осындай терме-тақпақтардың өзі насихат емей немене? Айтпақшы, Нұржан! Ұмытып кетпей, алдын ала айтып қояйын. Келесі аптада жол жүремін. Қарабалықтағы Қаумен құдаға бармақпын. Сен менімен бірге жүр.
Нұржан:
Жақсы, Ыбеке!
Ыбырай:
Айғаныс! Сен де үй шаруасын қоя тұрып, бізге бір ән салып берсеңші!
Нұржан:
Мен де соны өтінгелі отыр едім.
Айғаныс:
Ендеше Абайдың әнін айтайын.
(әнді бастайды)
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғанда сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
(Осы жерге келгенде Нұржан қосылып кетеді)
Сенен артық жан тумас,
Туса туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқа жанға,
Ынтықтығым айтылмас.
(Ыбырай да қосылады)
Асыл адам айырылмас,
Бір бетінен қайырылмас.
Көрмесем де, көрсем дағы,
Көңілім сенен айнымас.
Ыбырай:
Тамаша! Абайдың сөздері де, әндері де ғажап қой. Әттең, өзімен жолығудың сәті түспей жүр.
Кенет сырттан у-шу шығады.
Жігіт:
Ыбырайға жеткізетін тығыз хабарым бар.
Ыбырай:
Кірсін.
Сырттан орта жастағы кісі кіреді.
Жігіт:
Ассалаумаһалейкум, игі жақсылар!
Ыбырай:
Уаһалайкумассалам!
Айғаныс:
Жоғары шығыңыз.
Жігіт:
Ыбеке, мазалағаныма айып етпеңіз. Ел ішінде бір оқыс оқиға болып қалды.
Ыбырай:
Не болды? Айта беріңіз.
Жігіт:
Әлгі сізге келіп жүретін Прототоп деген дьяк бар емес пе, Ғайсаның дінін насихаттап жүрген.
Ыбырай:
Ия, оған не болыпты?
Жігіт:
Біздің теңтектер моншаға түсіп жатқан жерінде үстіне кіріп барып, «сүндетке отырғызып» жіберіпті.
Ыбырай:
Жарамаған екен. Жарайды, бір амалын табармыз. Ол өзі қазір қайда?
Жігіт:
Өлімнен ұят күшті деген. Ешқайда бармай, қашып кетіпті.
Ыбырай:
Ұлықтарға шағым жасады ма екен?
Жігіт:
Ол жағын білмедік. Соның алдын ала ма деп сізге хабарлап отырмыз.
Ыбырай:
Жақсы. Бір жөні болар.
(күліп) Біздің бұзықтар Кенесарының ісін қайталаған екен.
Жігіт:
Жақсы! Онда мен бара берейін.
Шығып кетеді.
Нұржан:
Кенесары деймісіз.
Ыбырай:
Ия! Ол Орскіні тастап шыққаннан кейін орыстың Бреды деген бекінісін өртеп жіберген. Ол жерді қазақтар Күйік деп атайды. Онымен қоймай, қолға түскен орыс солдаттарын піштіріп тастаған. Сол маңайдағы жер атауы содан «Орыскескен» аталып кеткен.
Нұржан:
Ол оны қасақана жасамаған шығар. Орск қаласында олардың қазақты қойдай қырғаны, тұрғындардың қашып келіп, Орск қаласын Жаманқала атағаны да рас қой.
Ыбырай:
Кенесары қарымта ретінде әдейі солай жасады, ал мына жігіттердің олай еткені білместік, теңтектік. Бұзақылық десе де болады. Алайда, болар іс болып қалды. Сол поптың кеткені де дұрыс шығар. Тек патша шенеуніктеріне осылай болды деп айтуға ары жетпес. Айта қалса, «бір бұзықтың ісі» деп жауап беруге тура келер.
Нұржан:
Қиыннан шығу жолын өзіңіз табарсыз, Ыбеке!
Орнынан тұрып, шкафтағы кітаптардың бірін қолына алады.
Толстой.
Кітаптарға қарап
Пушкин, Лермонтов, Руссо, Шекспир, Чернышевский, Гегель, Байрон,Ушинский.
Осы кітаптардың барлығын түгел оқыдыңыз ба, Ыбеке?
Ыбырай:
Түгел дерліктей. Арасында әлі толық оқып үлгірмеген кітаптар да бар.
Нұржан:
Дүниенің кілті кітапта екен ғой.
Ыбырай:
Кітапта барлық ғылым, өнер-білім бар.Біздің мақсатымыз осы кітаптар арқылы қазақ баласының санасына нұр сіңіру, халықтың көзін ашу, ұйқыдан ояту.
Мен саған бір қызық айтайын. Бізде қазақ кітапты сандықта сақтайды. Оны көп адам оқығаннан кейін мұқабасы жыртылып, беттерінің тоз-тозы шығады. Ал көрші елдерде кітап түптейтін станоктар мен кітапты жөндейтін арнаулы аспаптар бар. Біз келешекете ашылатын мектептерге сондай станоктарды алдырамыз.
Нұржан:
Мұныңыз шынында тамаша бастама екен.
Ыбырай:
Нұржан, сен бізді алда не күтіп тұрғанын түсінемісің? Балаларға білім беру барлық ата-ананың міндеті, барлық көзі ашық ұлттар, орыстар да осылай жасайды. Алыстан хабар алғызатын телеграф та, аттан да,түйеден де жүз, тіпті мың есе артық ауыр жүк көтеретін бумен жүретін машиналар да білім арқылы келеді. Өнер-білім бар жұрттар Тастан салай салғызды; Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды. Аты жоқ құр арбаны Мың шақырым жерлерге, Күн жарымда барғызды.Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты От пен суға түсірді; Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді. Біз басқа халықтардан қалмауымыз керек. Жарайды!
Айғаныс! Шаруаңды қоя тұрып, бізге бір ән салып берсең қайтеді?
Нуржан:
Мен де осыны айтқалы отыр едім.
Айганыс:
Олай болса, Абайдың әнін айтайық.
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғанда сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Нұржан қосылады:
Сенен артық жан тумас,
Туса туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқа жанға,
Ынтықтығым айтылмас.
Ыбырай:
Асыл адам айырылмас,
Бір бетінен қайырылмас.
Көрмесем де, көрсем дағы,
Көңілім сенен айнымас.
Ыбырай:
Тамаша! Сөзі мен әні үйлескен, қандай ғажап!
Үшінші көрініс
Ортада – орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы Ыбырай Алтынсарин. Оның жанында дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды, басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген Нұржан Наушабайұлы. Оларды қарсы алып, алдарынан ұзын бойлы, ашаң жүзді Қаумен болыс шығады.
Ыбырай:
Ассалаумаһалейкум, құда!
Қаумен:
Уаһалайкумассалам, Ыбырай құда! Қош келдіңіздер! Төрге шығыңыздар! Ат-көлік аман-есен бе.
Ыбырай:
Шүкір! Тегіс аманбыз. Сіздерге сәлем бере кетейік деп жолдан арнайы бұрылдық.
Қаумен:
Рахмет! Оның дұрыс болған.
Қонақтар жайғасып отырады.
Қаумен:
Құда, көп кісімен неге келмедің?
Ыбырай:
Мына жанымдағы жігіт сегіз қырлы, бір сырлы азамат, Наушабайдың Нұржаны. Бұл өзі жауырыны жерге тимеген палуан, ат құлағында ойнаған шабандоз, құралайды көзден атқан мерген, ақиық қыран ұстаған құсбегі, таңдайы тақылдаған тақтақ, күмбірлетіп күй төккен домбырашы, қазаққа қара сөзде дес бермеген шешен, қысылғанда топ бастаған көсем, осыдан артық көп бола ма?!
Қаумен:
Болды, болды, құда! Мақтауын жеткіздің.